Өскемен қаласы NIS мектебінің құрметті меймандары – БАҚ өкілдері

 

Назарбаев Зияткерлік мектептері БАҚ қызметкерлерін «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен» құттықтау медиа-марафонын ұйымдастыруда.

Алғашқы құттықтаулар легін бастаған мектептер қатарында Өскемен қаласы да бар.

Салтанатты шараға жиналған БАҚ өкілдерін Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Жұпат Оралқызы Ерниязова құттықтады:

  • Құрметті журналистер қауымы! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін! Табысқа жете беріңіздер! Қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін!

Мектеп оқушылары құрметті меймандарға әдемі ән тарту етті.

Шараның екінші бөлімі «Домбыра-асыл мұра» – домбырадан шеберлік сабағы, сабын жасау бойынша – «SoapArt» және «Жаңғырған өнер мұрасы» – киізден картина жасау және қамшы өруді үйрену бекеттерінде жалғасы.  

А. Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін тартуда ерекше әдістер қолданылады. Осы әдістерді журналистер қосымша білім беру педагогы Аслан Бауыржанның көмегімен ойнап көрді. Күйді тарту техникасы домбыраны қолына алғаш ұстағандарға да, біраз хабары барларға да оңайға түспеді, алайда барлығына қызықты болды. Шеберлік сағаты соңында тартысы жеңіл «Еркем-ай» күйін барлығы қосылып, шағын ансамбль боп ойнады.  

Сабын жасау бекетінен цитрус, кокос жаңғағы, лаванда гүлдерінің иісі мүңкіді. Әр үйренуші өзіне ұнаған иіс пен реңкті, қалыпты таңдады. Дайын өнімдерге «Made in UKK NIS – Үздік журналист» заттаңбасы салынды.

Қонақтар жұмыстарын қамшы өру және киізден картина жасау бекеттерінде жалғады. Дәулетберді Жекейұлы қамшының тарихы, оның түрлері айтылып, өрудің бірнеше әдістері көрсетілді. Табиғи былғарыдан қамшы өру азаматтарға ғана емес, нәзік жандыларға да ұнады: олар үш және алты өрімді қамшыны жасауға үлес қосты.

Ал киізбен жұмыс жасау бекетінде шебер мен үйренушілер «Дала гүлдері» картинасын жасады. «Хабар 24» арнасының тілшілері арнаның логотипін жасап, мектепке естелікке қалдырды. 

Шара соңында БАҚ өкілдеріне NIS брендінің оң бейнесін қалыптасуына қосқан үлестері үшін мектеп директоры атынан алғыс хаттар табысталып, кофе-брейк ұйымдастырылды.

  • Кәсіби мерекемен дәл осындай форматта бізді ешкім құттықтап көрген емес, бүгінгі күн үшін, мерекелік көңіл-күй үшін сіздерге үлкен рахмет! – деп алғысын білдірді «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі Анель Бакытбековна Есенбердина.