«Игілікті іс бірлікте» қайырымдылық балы өтті

Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қауымдастығы «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында IV дәстүрлі Қысқы Қайырымдылық бал өткізді.

Мектеп 10 жылдан астам уақыт бойы аталмыш жоба аясында Бөбектер үйімен, «Ақ ниет» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернатымен, «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен, Қарттар үйімен ортақ жұмыс жасап келеді. Балдың да негізгі мақсаты— қайырымдылық, мұқтаж жандарға қол ұшын беру.

Қайырымдылық балына көрермен ретінде құрметті қонақтар, қамқоршылық кеңесі, өнер көрсетуші оқушылардың ата-аналары, ұстаздар қауымы шақырылды.

Көңілді «Полька знакомств», салтанатты «Полонез», нәзік «Вальс» және ырғақты «Quick-step» билерін оқушылар мен мұғалімдер билеп, нағыз бал атмосферасын қалыптастырды.

Мектептің «Жас өркен» әншілер тобы мен бірге «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан келген Сабина Азамат, «Ақ-Ниет» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатының балалары Жаннұр Нұрланова, Ислана Баширова орындаған «Адамзатты сақтар мейірім ғана» әні шара тақырыбын аша түсті. 

 «Көрермен алдында өнер көрсетсем» деген арманы осы балда орындалған тағы бір қатысушы — «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан келген Айқын Тұрсынбеков. Ол арбаға отырғанына қарамастан NIS оқушысы Дильназ Мұратқановамен әдемі вальс биін тарту етті. «Асыл арман» әнін мектеп мұғалімдері Алия Сакигожина мен Гаухар Қайрбаева және ұлдар триосы орындады.

Әдемі әндер легін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Вячеслав Ткач пен мектептің өнер пәнінің мұғалімі Альмира Даниярова «Вечная любовь» әнімен жалғады.

Шараның шарықтау шегінде мүмкіндігі шектеулі балалар — Сабина Азаматқа, Алихан Пазылағзамға, Егор Шелковқа, айқын Тұрсынбековке және Дилиар Дарханұлына арнайы арбалар табысталып, қайырымдылық шарасының негізгі мақсаты орындалды.

Мектеп директоры Жұпат Ерниязова сөз алып, қайырымдылық шарасына демеушілік көрсеткен жомарт ата-аналарға, мұғалімдерге алғыс хаттар табыстады.

  • Қайырымдылық балын ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Үлкен жұмыс жасалған, өте ауқымды шара болды: әдемілік, мейірімділік, нәзіктік балы десем де болады. Осындай игі шараға ата-ана ретінде біздің және балаларымыздың қатысқанына өте бақыттымын! — деп пікір білдірді «Жетісу» шаңырағының ата-анасы Светлана Пашина.