2021-2022 оқу жылы барлық Зияткерлік мектептерде домбыра сабағымен аяқталды.

 

 Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар, барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді, домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.

24 мамырда Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.

  • Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады, – деп мойындады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Дәл осы шараны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отыр.

Guinness World Records-қа (GWR) өтінім 2021 жылдың желтоқсан айында берілді. Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылап, бейнежазба аймағынан шыққан немесе қажетті әрекетті орындамаған топтағы кез-келген қатысушыны дисквалификациялау жұмысына жауапты болды. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен Кітаптың барлық критерийлерінің толық сақталуын қамтамасыз етті.

Guinness World Records ережелеріне сәйкес ауқымды сабақ басталар алдында барлық қатысушы екі тіркеу пунктінен өтті: біріншісі – жеке бейдждерін сканерлеп, «Кандидат-маркер» бағдарламасы арқылы аймаққа кірді, екіншісі – кезекші қатысушылардың механикалық есебін жүргізді.

Ал Өскемен қаласы NIS мектебінде 245 бала А.Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін орындады. Күйдің орындалу ерекшелігі – «күреу», «толқын», «иыққа қойып» ойнау әдістерінің қолданылуы. Бұған қоса, «Домбыра-Дастан» атауымен өткен сабақ мектептің YouTube желісіндегі тікелей эфир арқылы таратылды.