Зияткерлердің спорт «ханшайымымен» кездесуі

 

Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақтық желілік спартакиада аясында волейболшыларға жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Ольга Рыпаковамен кездесу ұйымдастырылды. Ольга Рыпакова –  үш қарғып секіруден Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы (2012), Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2008) және Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2016). Халықаралық жарыстардағы жүлделер саны бойынша рекордсмен.

Кездесудің бірінші бөлімі қызықты форматта өтті: қонақ өзінің өміріне немесе спорттық мансабына қатыст кілт сөздер мен сандар жазылған алдын-ала дайындалған конверттерді ашып, жасырынған әр дерек туралы толығырақ әңгімелеп берді.

Мұнан соң «Ашық микрофон» бөлімінде мектеп оқушылары өздерін толғандырған сауалдарын қоя алды. Әсіресе, волейболшылар белсенділік танытты, олар Ольга Сергеевна спортты таңдамағанда қай мамандықты таңдар екендігін білгілері келді, спорт пен оқуды қалай қатар алып жүруге болатындығы жайлы кеңес сұрады. Сондай-ақ, егер ол Өскеменнің тумасы болмаса, NIS мектептері арасындағы желілік спартакиадада қай қала волейболшыларына жанкүйері болар еді деп сұрады. Бұған Ольга Сергеевна былай деп жауап берді:

– Мен – спорт қолдаушысымын. Спорттық жарыстарды көру кезінде ойынның тартысты өтуіне қолдау көрсетемін. Сондықтан қай қаладан немесе қай елден екенің маңызды емес, көрерменге жоғары деңгейдегі дайындықты көрсету маңызды.

Дәстүрлі «Сан сауалға – бір жауап» блиц-сауалнамасында жүргізушінің «Жастардан нені үйренуге болады?» деген сұрағына, қадірлі мейман «Жаңашылдыққа деген ізденіске, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысқа, дәл қазіргі уақытта және осы жерде өмір сүре білуді үйренуге болады» деп жауап берді.

Мектеп директоры Жұпат Ерниязова құрметті қонаққа тығыз жұмыс кестесіне қарамастан кездесуге уақыт тапқандығы үшін алғысын білдірді. Мектеп оқушылары атынан 11-сыныптан Жанель Тоқан естелік сыйлық табыс етті.

Кездесудің арқасында әлемге танымал әйгілі тұлға Ольга Рыпакованың ашық, ақ көңіл адам екенін білдік. Оның әр айтқан сөзінен сүйікті ісіне деген, өмірге деген сүйіспеншілік лебі сезілді. Бойынан тараған позитивті энергия залда отырған көрермендердің барлығына тарағандай болды.

Кездесу аяқталса да, жастар аты аңызға айналған спортшыны орталарынан жібергісі келмей, естелік селфи жасауға кезекке тұрды.