WRO олимпиадасының аймақтық кезеңі

2023 жылғы 29-шы мамырда Өскемен қаласы NIS мектебінде Шығыс Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектептері мен білім беру ұйымдары арасында WRO олимпиадасының (робототехника) Аймақтық кезеңі өтті.

 

Олимпиада «RoboMission» (Elementary, Junior, Senior), «Болашақ инноваторлар» (шығармашылық), «RoboSports» және «Future Engineers», сонымен қатар, «Движение по линии» және «Шагающий робот сумо» категориялары бойынша ұйымдастырылды.

 

Сайысқа облыстың 17 білім ордасынан келген 100-ден аса 5 пен 19 жас аралығындағы оқушылар қатысты.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қазақстандағы WRO олимпиадасының Ұлттық ұйымдастырушысы болып табылатындықтан, елімізде халықаралық WRO ережелері аясында іріктеу, аймақтық және республикалық олимпиадалар жыл сайын өтеді.

 

—Біз робототехниканың тұрмысқа ену таңғажайып уақытында өмір сүріп жатырмыз. Робототехника механиканы, басқару жүйесін және жасанды интеллектті біріктіреді, сондықтан ол ғылыми-техникалық прогрестің ең маңызды саласы болып табылады. Жастардың бұл салаға қызығушылдық деңгейі өте жоғары, сондықтан робототехниканың болашағы зор, —дейді WRO олимпиадасы төрешілерінің бірі, Өскемендегі жас техниктер станциясының «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Мағжан Шәкенұлы.

 

3 раундтан тұрған олимпиаданың нәтижесінде әр категориядан жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар мен қатысушылар, сондай-ақ жаттықтырушылар кубоктармен, дипломдармен марапатталды.

 

Бірінші орын алған: ШҚО білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Жас техниктер станциясы» КМҚК; Өскемен қаласы NIS мектебінің; Ұлан ауданы Р. Мәрсеков атындағы орта мектептің; «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің командалары 2023 жылдың маусым айына жоспарланған робототехникадан Республикалық чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды.