NIS мұғалімдері 4 ауылдық мектеп мұғалімдерін тағылымдамадан өткізді

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша, Өскемен қ. ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының ҒӘЖ жөніндегі орынбасары мен 10 педагогінен құрылған топ, өңірдегі төрт ауылдық мектепке іссапармен барып, ондағы мектеп мұғалімдерімен тәжірибе бөлісіп қайтты.

 

  Жоба аясында, Марқакөл ауданындағы №1 орта мектебінің, Зайсан ауданындағы М. Әуезов атындағы орта мектебінің, Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі мен Абай атындағы Ақжар аудандық орта мектебінің мұғалімдері бір күндерін біліктілікті арттыруға бағытталған тағылымдамаға арнады.

 

  Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқартуды көздейтін жобаға Марқакөл ауданынан 39 мұғалім мен 3 мектеп әкімшілігінің өкілі, Зайсан ауданынан 76 мұғалім мен 3 мектеп әкімшілігінің өкілі, Самар ауданынан 60 мұғалім бен 6 мектеп әкімшілігінің өкілі, сондай-ақ, Тарбағатай ауданынан 85 мұғалім бен 3 мектеп әкімшілігінің өкілдері қатысты. Оқыту жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар, зертханалық жұмыстарда заманауи әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдануды қарастырған семинар-тренингке жалпы саны 300-ге жуық педагог қатысып, жаттықтыру сабақтарынан өтті.

 

  Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары өткізген семинарлар негізінде мектеп мұғалімдеріне оқу және оқыту тәсілдерін меңгерту, критериалды бағалау, тәрбие жұмысы, мұғалім мен оқушының әлеуметтік-эмоционалды дағдылары жөніндегі тақырыптар қамтылды. Спикерлер сабақ берудің заманауи әдіс-тәсілдері туралы кеңінен баяндап, әр түрлі оқушымен жұмыс істеу және ғылыми жұмыстар қорғау, олимпиадаларға дайындық пен әдебиеттер, нұсқаулықтарды пайдалану жолдарымен бөлісті.

 

  Ал мектеп кітапханашысы бастауыш сынып мұғалімдерін NIS мектебінің педагогтері сабақ беруде қолданатын дереккөздермен, цифрлық білім беру жүйелерімен таныстырды.

 

  Тағылымдамадан өткен мұғалімдер, тренерлер сабақ беру үрдісін нақты әрі анық жеткізіп, өздеріне ой тастағандарын айтады. Көпшілігі әр балаға жеке бағыт беру, сабақты жүйелі жоспарлау әдістерін меңгерген. Сондықтан алған білік-дағдыларын әріптестерімен бөлісіп, өз сабақтарында қолдануға асық.

 

 Ауыл мұғалімдері алдағы уақытта Өскеменге келіп, NIS оқыту мен тәрбие беру үрдісін өз көздерімен көріп, танысып қайтуды жоспарлап отыр.