NIS Engineering – ғылыми-зерттеу алаңы

 

2022 жылғы 31 қазанда Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде NIS Engineering заманауи зертханасының ашылу салтанаты өтті. Шараға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Искаков, Назарбаев Зияткерлік мектебінің Қамқорлық кеңесінің төрағасы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген және оқушылардың ата-аналары қатысты. Құттықтау сөзді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Искаков алды:

  • Бүгінгі шарада NIS Engineering зертханасы идеялар генераторы екеніне көзім жетті. Бұл жерде ғылыми жобалармен айналысып, заманауи технологияларды дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Оқушылар өз жобаларымен таныстырды. Жас ғалымдарға оқуда табыстар мен ғылыми жетістіктер тілеймін!

Зертхана бірнеше аймақтарға бөлінген, әр аймақтағы жабдықтармен ғылыми жұмыстармен айналысатын оқушылар өздері таныстырды.

– Қазіргі таңда мен 3-ші тоқсанда болатын халықаралық робототехника олимпиадасына дайындалып жатырмын. Дайындыққа NIS Engineering зертханасы үлкен ықпал көрсетеді. Зертхананың ашылуына өте қуаныштымын, өйткені ол бізге ғылыми тәжірибе жасауға үлкен мүмкіндік береді, – дейді 9-шы сынып оқушысы Әбілмансұр Жүніскенов.

NIS Engineering зертханасы жобасын іске асыру наурыз айында қолға алынған. Жобаның мақсаты: мектеп оқушыларын инженерлік мамандыққа баулу, соның ішінде 3 өлшемді кеңістікте модельдеу, робототехника, биотехнология мен нанотехнология ғылымдарына қызықтыру.

Зертханада жұмыс барысында қазіргі заманға сай 3D және лазерлік принтерлер, 3D-сканерлер, плоттер, нанодиірмен мен нано бөлшектерді көруге арналған микроскоптар қолданылады. Тың бастама оқушыларға желілік, республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысуға және авторлық патенттер алуға мүмкіндік береді.