«БІРЛІК FEST» – ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІК ФЕСТИВАЛІ

 

     Өскемен қаласы NIS мектебінде жылдағы дәстүрге сай, достық пен бірлік фестивалі – «Бірлік FEST» шарасы ұйымдастырылды.

   Фестиваль шымылдығы ұлттық киім киген 7-11 сынып аралығындағы оқушылар мен мектеп мұғалімдері, ата-аналардан құралған шаңырақтар бірлестігінің қатысуымен өткен «Бірлік керуені» атты мерекелік шеруімен түрілді. Ұлттық құндылықты дәріптеп, ел ішіндегі мызғымас татулық пен қоғамдық келісімді кеңінен насихаттаған концерттік бағдарлама шеңберінде, көпшілік назарына Алтын адам, Жер-Ана, Бүркіт, Су мен От, Ай мен Күн кейіпкерлері бар «Көне тарих куәсі» және «Ай мен Күн» композициялық қойылымдары ұсынылды.

      Бұдан соң, 130-дан астам түрлі этнос өкілдерінің тарихи отанына айналған киелі шаңыраққа құрмет ретінде қазақтың «Қара жорғасы» шашу боп шашылды.

     Сонымен қатар, фестиваль қатысушылары халықтар достығын паш еткен «Бірлігі жарасқан берекелі ел» хореографиялық сюитасын ортаға салды.

      Ал мектептің домбыра оркестрі «Нәр ағашы» күйін нақышына келтіре орындады.

      Мерекелік кештің екінші бөлімі «Қазақ әндері» шығармашылық жобасының алтын қорына енген халық әндерінің мазмұндық желісі бойынша дайындалған сахналық нөмірлермен толықты.  Әрбір шаңырақ халық әнін вокал жанрында орындаумен қоса, әннің мән-мағынасын ұғындыратын ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан театрландырылған көрініс қойды. Мәселен, «Үшқоңыр» шаңырағы «Қызға тілек» әнінің музыкалық сүйемелдеуімен қыз ұзату дәстүрін көрсетсе, «Тұран» шаңырағы «Әрияйдай» әнімен келін түсіруді, сондай-ақ, «Алтай» шаңырағы «Бесік жыры»-мен жаңадан туған сәбиді бесікке бөлеу рәсімін жасады. Мұнымен қоса, «Бипыл», «Туған жер», «Тұсау кесер», «Жайдарман», «Беу айдай», «Құда, құда дегізген», «Ел тілегі» сияқты халық әндерінің әрқайсысы «Марқакөл», «Түркістан», «Баянауыл», «Жетісу», «Жидебай», «Ақбауыр», «Мұзтау» шаңырақтарының қазақ биі мен ұлттық ойындарын, тұсау кесуді, бастаңғы, қыз бен жігіт айтысын, құда түсу және отау көтеру дәстүрлерінің театрландырылған көріністерін сахналауға арқау болды. Осылайша, баланың мына жарық дүние есігін ашқанынан бастап, басынан өткерген жастық шағы, ес біліп, есейген кезде шаңырақ көтеріп, отбасы ретінде біртұтас қоғамның бір бөлшегіне айналуына дейінгі өмір белестері көрсетілді. Яғни, ұлт болмысын ашатын, қазақи таным-түсініктегі тұрмыс-салттың жөн-жоралғыларына түсініктеме берілді. Осы орайда, «Ел тілегі» әніне қойылған «Отау көтеру» рәсімінде азаматтың ер жетіп, үй болуымен қоса, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында береке мен бірлікте, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқаны баяндалғанын ерекше атап өткен жөн.

       Қазақстан халқы Тілдер күні мерекесін тойлау айлығының аясында, биыл өткен «Бірлік FEST» дәстүрлі фестивалінің құрметті қонақтары – Чехия, Германиядан келген АҚШ азаматтары, Сингапур, Таиландтан келген Ұлыбритания азаматтары мен Камбоджадан келген Қырғызстан азаматынан құралған Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) өкілдері болды. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру қызметтерін ұсынудың жоғары сапасын растайтын жетекші мамандар бір апта бойы Өскемендегі ХББ НЗМ ішкі тәртібімен таныса отырып, жаһандық азаматтыққа тәрбиелеу негізіндегі оқыту мен тәрбие берудің үдерісін мұқият тексереді. 

– Біз бұл мектепте бір ғана апта болғанымызбен, мектеп қауымдастығының күнделікті тынымсыз жұмысының арқасында, оқушыларға жоғары деңгейдегі тәлім-тәрбие мен сапалы білім беруге қажет бар жағдай жасалғанын білеміз. Осының бәрі, мектептің миссиясы, оның пайымдауы мен құндылықтары шара барысында кеңінен көрініс тапты. Фестивальді көргенімізге қуаныштымыз және аталмыш зиятркерлік мектеп сенімді қолда екеніне көз жеткіздік, – дейді Сингапур елінен келген СІS бағалаушысы, Nexus халықаралық мектебінің директоры Хизер Миллингтон.

     Дәстүрлі «Бірлік FEST» фестивалі концерттік бағдарламадан соң, мектеп атриумында өткен қазақ, түрік, қытай, үнді, корей, жапон халқы мәдениетінің таңғажайып әлемімен таныстырып, түрлі қолөнер бұйымдарын топтастырған «Шеберлер қалашығы» көрмесімен ары қарай жалғасты.