Алғашқы қоңырау мерекесі

        Өскемен қаласындағы NIS мектебінде 1-қыркүйек – Білім күні «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты мерекелік жиын өтті. Биыл Зияткерлік мектепте 600-ден астам бала мұғалімдерімен қайта қауышып, жаңа оқу жылын бастады.

    Алғашқы қоңырау мерекесі жылдағыдай көтеріңкі көңіл күймен, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама шеңберінде өтті. Шара барысында өткен жыл қорытындыланып, шәкірттер мен ұстаздардың басты белестері мен жетістіктері аталып өтті. Мерекелік жиында биология пәнінен республикалық «Дарын» олимпиадасынан I орын алған  – 10 «В» сыныбының оқушысы Батыр Ержанұлына NIS мектебінің директоры Жұпат Оралқызы Ерниязова I дәрежелі диплом мен медалін салтанатты түрде табыстады. Білім ордасының басшысы еліміздегі Зияткерлік мектептер жүйесінің халықаралық және отандық кеңістікте мойындалуын әрі табысты жолын баяндап, мектептің алдалға қойған мақсатымен бөлісті және алдағы оқу үдерісінде мектеп қауымдастығына толағай жеңістер тіледі.

   Мерекелік шараға шақырылған мәртебелі қонақтың бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген ел ертеңі – жастарды Білім күнімен құттықтап, келешекте туған жердің гүлденуі жолында еңбек ететін нағыз патриот болатындарына сенім білдірді.

  Алғашқы қоңырау мерекесі жылдағыдай көтеріңкі көңіл-күймен, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама шеңберінде өтті. Дәстүрге сай, мектеп ұжымы алғаш рет NIS табалдырығын аттаған 120 «Өркен» грант иегерін құрметпен қарсы алып, ақжарма тілектерін жолдады.

  Облыстағы ең үздік білім ошағына балаларын әкелген  ата-аналар, ұл-қыздарына үлкен үміт артқан. Солардың бірі – Арай Еркимбекова.

  • Барлықтарыңызды бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын! Осы НЗМ бірінші жыл қадам басып отырмыз, балам 7-сыныпқа түсті. Алланың қалауымен, армандарымыз орындалып жатыр. Балаларымыздың қадамына гүл бітсін! Енді аман-есен білімімізді жалғастыра берейік! Білім күні құтты болсын!– деді баласына үкілі үмітін артып, ерекше тебіренген ата-ана.

Атап өтелік, биылғы мектеп бітіруші түлектер шараға белсенділікпен қатысып, өнерлерін ортаға салды Жаздың жайма-шуақ демалыс күндерін артқа тастап, алтын ұя мектептеріне қайта оралған оқушылар Білім күніне арналған әндер айтып, музыкалық қойылымдар ұсынды. 12 сынып оқушылары «Бақыттың кілті – білімде, жас дос!» мюзиклін қойып, 7-сынып оқушыларына «Білім кілтін» тапсырды.

 

  • Білім күнімен сіздерді құттықтаймын! Мен Сансызбай Мөлдір, осы жылғы түлек болып келемін, 12-сыныпқа көштім және де бізге келіп жатқан жаңа, 7-сыныптарды құттықтағым келеді. Өте қуаныштымын осылай бізге жаңа буын келіп, осындай кішкентай сыныптар қосылғанына. Бұл жыл бізге үлкен жауапкершілікпен бірге, қуаныш әкеледі деп ойлаймын, – деп өз ойын түйіндеді 12-сынып оқушысы Мөлдір Сансызбай.

  Алғашқы қоңырау соғу мәртебесі мектеп қауымдастығының белді мүшелеріне беріліп, жаңа оқу жылы ресми түрде ашық деп жарияланды.