Туған елге тағзым

2012 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өзіндік патриоттық жоба – «Туған елге тағзым» іс-әрекетті зерттеу бағытындағы өлкетанулық экспедиция өз жұмысын бастады. Аталған жоба «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған.

 

Зияткерлік мектептердің өзара маршрут алмасу арқылы Қазақстан аймақтарымен танысып, зерттеу жүргізуі бұл білім беру сапарының ерекшелігі болып табылады. Жоба аясында экспедициялық топтар еліміздің барлық аймақтарында болып, сол жердің флора, фауна, тарихын, мәдениетін, инновациялық объектілерін, архитектуралық құрылыстарын, зерттейді.

 

Экспедицияға әр аймақтың 7, 8, 9, 10 сыныптарынан оқу барысында, шығармашылықта, спорттық шаралардағы жетістіктері үшін таңдалған оқушылар қатысады.

 

Экспедиция жұмысы толыққанды нәтижеге бағытталған. Экспедиция аяқталғаннан кейін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бойында зерттеп отырған аймақ туралы (оның өткені, бүгіні мен болашағы туралы) толық хабардар болу, зерттеу жүргізу, сұхбат алу, жинақталған материалды тәжірибеде қолдану үшін, сараптау, топтағы өзара қарым-қатынас мәдениеті, физикалық және психологиялық төзімділік, өзіндік шешім қабылдау және әрекет ету секілді дағдылар қалыптасады.  

 

Экспедиция аяқталғаннан кейін, алдағы оқу жылында өткізілетін экспедицияда зерттеу жүргізу үшін, жинақталған материалдар мектеп кітапханасына беріледі. 

 

«Туған елге тағзым» іс-әрекетті зерттеу бағытындағы өлкетану экспедициясын өткізу дәстүрге айналады. Алдағы жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік оқушы – жас зерттеушілері туған еліміздің табиғаты көркем, шұрайлы да қайталанбас жерлеріне саяхатқа барады.  

Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.

     2019 жылдың 15 маусым күні сағат 23.30-да Өскемен қаласы химия – биология бағытындағы НЗМ оқушыларынан құралған жас зерттеушілер экспедициясы «Өскемен-1» теміржол вокзалында жиналды. 7 «С» сыныбының жыл бойы үздік деп танылған 12 оқушысы, 1 мұғалімнен құралған топ «Туған елге тағзым» өлкетанулық – зерттеу экспедициясына аттанды. Экспедицияның басты мақсаты – оқушыларымызды Ақмола облысы, Көкше өңірінің географиялық ерекшелігі, көркем табиғаты, терең тарихы, бай әдеби мұрасымен жақын таныстыра отырып, тарихымызды қадірлеуге, табиғатты аялауға үйрету, туған жеріне деген патриоттық сезімдерін дамыту.
     Алдымызда екі күндік жол, содан кейін бізді Абылай мен Кенесары хандарымыз ту тіккен, Балуан Шолақ, Ақан сері мен Біржан сал, Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов т.б еліміздің ұлы тұлғаларының туған жері, аты аңызға айналған сұлу табиғаты бар Көкше өлкесі күтіп тұрды. Осы аумақпен жақынырақ танысып, экскурсияға шығатынымызды, зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік туатынына қуана отырып, үлкен жауапкершілікті де сезіндік. Біз көңіліміз толқып, жолға шықтық.
     Маусымның 17 күні түс мезгілінде экспедиция мінген поезд Көкшетау қаласының темір жол вокзалына келіп жетті. Көкшетаулық достар құшақ жая қарсы алды. Оқушылар түскі астарын ішіп, жүктерін жайғастырған соң, қаланың көрікті орындарына саяхатқа шықты. Қаланың «Круиз» туристік агенттігінің өкілдерінің бастауымен қаланың негізгі даңғылдары Абылай хан және Нұрсұлтан Назарбаев жүріп отырып «бұғылар алаңы» атты саябаққа келіп тоқтады. Саябақтың қалыптасу тарихы жайлы қызықты мәліметтер білген соң, саябаққа қарама қарсы орналасқан Абылай ханның ескерткіші жанында үш жүздің басын қосқан, мықты саясаткер, атақты ханымыз Абылай жайлы білімдерін толықтырды. Одан ары Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «мәңгілік от» басында 1м үнсіздікпен батырларымызды еске алған соң, Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне тағызым етіп, батыр бабамыздың өмір жолы, ерлігі жайлы құнды мағұлматтар алды.
     Экспедицияның екінші күні аты аңызға айналған Көкшетау тауларына жол тартты. Табиғат жаратылысының тамашасына тамсанған ақындар Көкше өңірін «кербез Көкше» деп жырласа, қылқалам шеберлері ондағы пейзаж тудыратын құбылысты салудан еш жалықпаған. Осындай Қазақ даласындағы ерекше сұлу, мейлінше көрікті мекен барлық экспедиция мүшелерінің көңілін шатыққа бөледі.

     Оқушылар сұлулығы көздің жауын алатын табиғатын тамашалап, таза ауасымен тыныстап, демала жүріп зерттеу жұмысымен де айналысты. Ботай-Бурабай, Бурабай мұражайлары өзінің ерекшелігімен таңқалдырды. Әсіресе Жұмбақтас, Хан асуы, Оқжетпес т.б тарихи маңызы ерекше орындарда оқушылар толқып, ата баба ерлігі, олардың тәуелсіздік жолындағы күрестеріне тәнті болып, мақтаныш сезіміне бөленді. Келесі күндері оқушылар Көкшетау қаласының тарихи-өлкетану, әдебиет пен өнер мұражайларында болды. Көнеден сыр шертетін мұражайларда Көкшетау қаласының, Ақмола облысының тарихына үңіліп,танымал тұлғаларының өмір жолы жайлы құнды мәліметтерді бойларына сіңірді. Оқушылар Үкілі Ыбырайдың қабірінің қайда екені әлі күнге белгісіз екеніне көңілдері жабырқағаны, Балуан шолақтың алғашқы болып ат үстінде трюктер жасаудың негізін қалғанын білап таң қалғандары жайлы ойларымен бөлісті. Оқушылардың патриоттық сезімдерін дамытып, халқымыздың салт-дәстүрлерімен жақынырақ таныстырған шаралардың бірі Красный Яр ауылында орналасқан спорт мектебінде өткізілді. Оқушыларымыз асық ойнап, атқа отырып дем ала жүріп, «аударыспақ», «теңге алу» сынды ойындарды тамашалады. «Абылайханның қара жолы» атты экспедициянын бір мүшесі-Гәкку Асылбекқызымен кездесу де қызықты өтті. Гәкку Асылбекқызы жолында кездескен қызықтар, қиындықтар, аңыздар жайлы айтып, бейнесюжеттермен толықтырып отырды, оқушылар құмарлана тыңдады. Келесі күндер Көкшетаудың индустриясына арналып оқушылар қаладағы аса ірі өндіріс орындарында болды. Әсіресе аса сапалы ауыз су болып табылатын, елімізде танымал «Тұран» минералды суларын шығаратын «Көкшетау минералды сулары» АҚ кәсіпорнында болу есте қаларлықтай болды. Оқушылар кәсіпорында экскурсия жасаған соң, судың адам ағзасындағы маңызы, оны қабылдаудың дұрыс жолдары жайлы атақты профессордың лекциясынан маңызды ақпараттар білді. Сондай-ақ «Камаз инженеринг» АҚ кәсіпорнының жұмысымен танысып, сыртынан кішігірім көрінетін заводттан күніне 5 ірі көлік құрастырылатына таң қалды. Ал «тыныс» АҚ қоғам үшін аса қажетті заттар, мысалы: мүгедектер арбасы мен тыныс алу құралы қалай шығарылатынын білсе, әскери қызметкерлер үшін шығарылатын қорғаныш жилеттерінің аса сапалы және ыңғайлы болғандықтан әлемнің көптеген елдеріне экспортталатынын түсінді.
     Экспедицияның соңғы күні қасиетті Сырымбет өлкесіне арналды. Жүз жылда бір туар, еліміздің маңдайына біткен жарық жұлдыз Шоқанның мекен еткен өлкесіне аяқ басқанда барлығымызда ерекше толқу болды. Алдымен «Айғаным әже» қонысында болдық. Қоныс бірнеше ағаш үйлерден тұрады: мешіт, мектеп, монша, тұрғын үйі. Шоқанның бөлмесінде ғалымның тұтынған заттары қойылыпты. Жалпы қоныс Шоқан салған суреттер негізінде тұрғызылған екен. Одан ары оқушыларымыз Сырымбет ауылындағы Шоқан мұражайында болып, ұлы ғалым жайлы білімдерін құнды мәліметтемен толықтырды. Осы жердегі орналасқан Қарасай мен Ағыбай батырлар кесенесінде болды.
     Осылайша 2019 жылы 17 маусымда басталған экспедиция ешқандай кедергісіз және табысты түрде 2019 жылдың 23 маусымы күні аяқталды. Жалпы осындай экспедициялалардың оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де маңызы өте зор. Өз істеріне жауапкершілікпен қараған экспедиция мүшелері өздері жазған эссе, есеп, күнделіктерін тапсырып, өздеріне артылған жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты.